Понедельник, 05 августа 2019 15:21

Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау жолындағы қызмет!

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

БЕРГЕН БЕСПАЛИНОВ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы

Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы және оның болашаққа деген сенімінің артуы мемлекеттік аппараттың жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан да, халық пен мемлекетке қалтқысыз қызмет етуді бәрінен жоғары қоятын кәсіби мемлекеттік аппарат құруға ерекше көңіл бөлініп келеді, хабарлайды «Көкшетау Азия» ақпараттық агенттігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызмет елдігіміздің құрылуының бастауында тұрып, ұлы мұра –мықты мемлекет, жаңа экономика, біртұтас қоғам жасады. Ол бүгінгі күні де отанымыздың одан әрі гүлденіп, дами түсуіне баға жетпес үлес қосуда.

Жүйелі жүргізілген реформалардың нәтижесінде мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы есептілік пен тиімділік, меритократия қағидаттарына негізделген бірегей моделі құрылды. Кадрларды таңдау, оқыту, қызметте жылжыту бағытындағы жаңашылдықтар мемлекеттік қызметтің сапалық құрамын жақсартып, тұрақтылығын арттырды. Оған соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесінен кеткендер санының еселеп азайғандығы, мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлер санының өскендігі, оның ішінде жоғары білікті, кәсіби мамандардың келуі дәлел.

Облысымызда мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі тұрақты жүзеге асырылып, меритократия ұстанымы нығаюда. Атап айтсақ, жыл басынан бері ішкі конкурс қорытындылары бойынша жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалған мемлекеттік қызметшілер саны 76,7%-ға жетіп отыр, бұл олардың мансаптық күтулерінің қанағаттандырылғандығының көрсеткіші. Жыл сайын мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамы да жақсарып келеді. Мемлекеттік қызмет жүйесінде әр саладағы ғылым кандидаттары мен докторлары, «Болашақ» бағдарламасының және мемлекеттік басқару академиясының түлектері қызмет атқарады. Мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 9 жылды, жоғары білімді мамандардың саны 87%, ал екі және одан да көп білімі барлардың саны 15% құрап отыр. Бұл кәсіби даярланған, өзіне сеніп жүктелген міндеттерді орындауға әрдайым әзір мамандар. Сондай-ақ, бүгінгі күні жастар мемлекеттік қызметке қызығушылық танытуда. Себебі қолданыстағы заңнамада жастар үшін айтарлықтай қолайлы жағдайлар қарастырылған. Ол тәлімгерлік институтының ендірілуі, тағылымдамадан, қайта даярлаудан өту талабы, оқу демалысына шығу мүмкіндігі, әскер қатарына шақырылған жағдайда жұмыс орнының сақталуы т.б. жағдайлар. Және де бүгін мемлекеттік қызметке орналасқан жас маман алдағы уақытта тек өзінің кәсіби және жеке қасиеттеріне сүйене отырып мансаптық сатымен жоғарылай алатынына сенімді. Кадрларды дамытудағы маңызды басымдылық - қызметшілердің кәсіби дәрежесін үздіксіз арттыруды қамтамасыз ету, ал оның ажырамас бөлігі мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы болып табылады. Олар тұрақты жұмыс орнынан тыс жерлерде кәсіби білім мен тәжірибе арттыру мақсатында тек мемлекеттік органдарда ғана емес, сонымен қатар салалық бағыты қызметтік міндеттеріне сәйкес келетін басқа ұйымдарда, жеке және квазимемлекеттік секторда тағылымдамадан өте алады. Бұл өз кезегінде тәжірибелік білім мен дағдыларды кеңейтуге ықпал етіп, белгілі саланың қызметінің қыр-сырымен іштей танысуға мүмкіндік береді. Тағылымдамада алған тәжірибе мен білім әрі қарай қызмет барысында белсенді қолданылып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуын ілгерілетуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Қазіргі уақытта облыстың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің 25% 29 жасқа дейінгі жас мамандар құрайды.

Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде өз жұмысына тұғыр болатын он бағытында мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіндегі жас талантты басқарушыларды қызмет сатысымен өсіру үшін президенттік кадрлық резерв жасақталады, деп айтты. Бұл әрине талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартудың тікелей жолы деп санаймын.

Тек мақсатты көздеген, білімді, озық ойлы, рухани бай мамандармен жасақталған мемлекеттік басқару аппараты халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, игілігін арттырып, мемлекеттілігімізді нығайта алады. Билікке деген сенім заманауи қоғамның сұраныстарын жедел әрі сапалы қанағаттандыра алатын мемлекеттік қызметшіден бастау алатыны анық. Сол себепті мемлекет пен қоғамға қызмет ету мақсатында мемлекеттік қызметті таңдайтын адамдар терең құрметке лайықты, себебі олардың мойнына еліміздің әл-ауқаты мен болашағы үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан , мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап та жоғары, ол кәсіби білімді және оны тәжірибеде қолдана алатын, адал, парасатты, белсенді өмірлік ұстанымға ие, оң жаңашылдықтарды тез қабылдауға бейім тұлға болуы тиіс.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіруге, оның ішінде мемлекеттік аппараттың келесі кезеңі - стратегиялық-инновациялық моделіне көшуін қамтамасыз ету шаралары қолданылуда.

Біздің басты мақсатымыз - стратегиялық тұрғыда кеңінен ойлай білетін, көзқарасы жан-жақты, батыл әрі стандарттан тыс идеяларды ұсына алатын жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерді қалыптастыру, қызмет көрсетуде азаматтарға қолайлы жағдай жасау және олардың заңды құқықтарын қорғау.

Бұл орайда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ұялы форматын кеңінен дамыту, электрондық үкіметпен жұмыс істеу дағдыларына үйрету басым бағыттардың бірі болып табылады.

Облыста мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде алудың көрсеткіші бүгінгі таңда 84,6% құрап отыр. Ақмолалықтар «Цифрлық агент» ұялы бағдарламасын белсенді қолдануда. Өтініш білдірушілердің 98% мемлекеттік қызметтерді көрсетумен айналысатын мемлекеттік органдардың жұмысын «өте жақсы» деп бағалауы қуантады.

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Жыл сайын осы күнді мерекелеу аясында Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілері дәстүрлі түрде бірқатар әлеуметтік маңызы зор іс-шаралар өткізеді. Мысалға, «Қайырымды іс» акциясы шеңберіндегі қайырымдылық шаралары, «Жаңа ағаш» акциясы шеңберіндегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында ағаш отырғызу, аймақтарды қоқыстан тазарту жұмыстары, спорттық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Биылғы жылы мемлекеттік қызметші күніне орай облыста өткізілген салтанатты іс-шараның қонцерттік бағдарламасының мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен ұйымдастырылуы, олардың жан-жақтылығын, шығармашылық қабілеттіліктерін көрсетті.

Мемлекеттік басқарудың алдыңғы қатарлы тәжірибесін тарату, үздік кәсіби білімдері мен дағдылары бар мемлекеттік қызметшілерді айқындау және мадақтау, ынталандыру жүйесін дамыту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауына облысымыздың мемлекеттік қызметшілері белсенді қатысады.

Сондай-ақ, кәсіби мерекеміз қарсаңында облысымыздың Бурабай өңірінде Агенттік және «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырылған республикалық жастар форумын ерекше атап өткім келеді. Форум барысында өткізілген мазмұнды іс-шаралар республиканың өңір-өңірінен жиналған жас мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамыту, аймақтардың озық тәжірибелерімен алмасу, жаңа идеяларды өндіру, талантты жастардың мүмкіндіктерін ашып, ынталандыру мүмкіндігін арттыра түсті.

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 997 раз Последнее изменение Понедельник, 05 августа 2019 16:14
© 2013-2021 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия"

Наш партнер - Platon.asia - новости и аналитика в Казахстане

Яндекс.Метрика