Понедельник, 28 декабря 2020 17:07

Тәуелсіздік - болашақтың кепілі

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстанның мемлекет ретінде өсіп жетілуінің қайнар көзі - оның тәуелсіздігі. Тәуелсіздік алған соң ғана Қазақстанды әлем тани бастады, осы жердің тарихи мұрагері - қазақ халқы басқа этнос өкілдерімен біртұтас болып өзіндік даму жолына түсті.

1991 жылдың 16 желтоқсаны  - еліміздің егемендігін жариялаған күн. Бұл күн - халқымыз үшін басты мереке, көгімізде тәуелсіздіктің көк туы мәңгі желбіресін деп тілейміз.

Тәуелсіздік - ғасырлар бойы бабаларымыздың жанкешті күресінің, Алаш ардақтыларының баға жетпес еңбектерінің, одан бергісі, кешегі желтоқсан жастарының қанымен қол жеткізген халқымыздың басына қонған бағы.

Тәуелсіздікті ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі берік, баршасы заң үстемдігіне бағынған халықтың қана қорғап тұра алары хақ.

Артта қалған 29 жылдың ішінде талай қилы кезеңдер бастан өтіп, одан да көп игі істер атқарылды. Оның бәрі қаншама тарихи ғылыми, әдеби еңбектерде жазылып та айтылып та жүр. Келешек ұрпақ үшін ары қарай да жалғасын тауып зерттеле бермек. 

Тәуелсіз мемлекетіміздің Ата Заңы қабылданып, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасты. Тәуелсіздіктің сонау алғашқы жылдарымен салыстырғанда қазіргі сот саласының айырмашылығы жер мен көктей. Әділ сот төрелігінің сапасын арттыру мақсатында судьялар мен мамандардың қызметіне барынша қажетті жағдайлар жасалуда. Әрбір сотқа қатысушы тараптарға сот шешімдерін заманауи ғаламтор арқылы жеткізу қарастырылған. 

Мемлекетіміздің экономикалық жағдайы жақсарып, халықтың әл-ауқаты артты.

Бүгінгі Қазақстанның Ата Заңы - Конституциямыз бүкілхалықтық референдумның қолдауымен қабылданып - заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгіледі және олардың құзіретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді.

Біздің Тәуелсіздігіміздің тұғырлы нығаюына сот жүйесі де өз үлесін қосып келеді. 

Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген реформа қуатты мемлекет құру жолындағы ұлы мақсатқа жұмылдырды.

Тәуелсіздік тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол бабаларымыздың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік.

Осы күнге қалай жеттік деген сауалға жауап іздесек, сонау қатпар- қатпар болған ғасырлар қойнауына көз жүгіртуіміз керек. Болғанды  мұқият зерделеп, көңілге тоқуымыз қажет. Сонда ғана бүгінімізге шынайы бағасын беріп, келешегімізді аңдай аламыз.

Ежелден-ақ бабаларымыз жері мен елін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келді.

Қазақ хандығы құрылып, өз халқымызға ғана тән ел басқару, өзіндік шаруашылық жүргізу жүйесі қалыптасты.

Тарихымызда мәңгілікке өшпестей аттары қалған Керей мен Жәнібектей хандарымыз отырған тағын емес, билеп отырған халқының қамын ойлады.

Мемлекет басқаруда адастырмас ақыл- кеңесші болған ұлы билер дәстүрі қалыптасты. Ата жауымыз болған жоңғарлармен сан ғасырлық соғыста даңқты бабаларымыз еліміз бен жерімізді қорғап қалды. Ел басына күн туғанда Тәуекелдей, Абылайдай хандарымыз даналығымен, батырлығымен, көреген саясаткерліктерімен қазақ елін ерлікке бастап, іргелі елге айналдырды.

Осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отанымыз - Қазақстан жері - сол бабалардың сақтап қалған, ұрпағына аманат етіп қалдырған асыл мұра екені сөзсіз.  

Х1Х ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына қазақтың оқыған дана перзенттері шықты. Ол кезде отанымызда кеңестік дәуір орнаған заман еді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының екінші жартысында күшейген сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасады. Тоталитарлық тәртіп жүзеге асырған халқымызға жат зорлықшыл саясат аса зор қасіретті зардаптар әкелді. 

 Осының салдарынан Қазақ халқының жартысына жуығы қырылды, өзінің ата мекенінен басқа елдерге, жат жерлерге ауа көшті.  Тіл мен діл, дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады. Қазақ халқы өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды.

Елдіктен айрылу қаупі төніп, халқымыздың басына қара бұлт үйірілгенде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар сияқты арыстарымыз алаш туы астында ұлттық мемлекет құруға әрекеттенді. Алайда қызыл империя Алаш көсемдері мен олардың жақтаушыларына жалған айып тағып,  айуандықпен түгел қырды. 

1932-1937 жылдардағы ашаршылық халқымызға қарсы қолдан жасалды.

1936-1937 жылдардың қырғыны әдейі істелді. Осындай нәубеттерге қарамастан халқымыздың батыр ұлдары бастаған азаттық күрестері бір сәт те тоқтаған емес еді.

Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн. 196 мың адам қару асынып майданға аттанған екен. Сол соғыстан тек 410 мың адам ғана оралған.

Қызыл империя саясатының ең сұмдығы - 1949 жылдан бастап Қазақ жерінде ядролық қарудың сынала бастауы болды. Оның қиянатынан қаншама ұрпақ зардап шегіп, бүгінге дейін толық арыла қойған жоқпыз.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді. Сол кездегі Кеңес Одағының керегесін шайқалтып, КСРО - дағы ашық демократиялық үрдістің негізін қалаушы оқиғалардың бірі болды. Ол еліміздің тәуелсіздік алуының алғышарттарын дайындауға қызмет етті.

1991 жылы Қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды. Осы уақыт ішінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, егемен Қазақстанды бүкіл әлем таныды. 

Туған Отанымыз жер жүзілік қауымдастықтың терезесі тең мүшесі  ретінде демократиялық даму жолына түсті. Ендігі жеңіс те ерлік те біздің қолда.

Дана Мукашева,

Ақмола облыстық сотының судьясы

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 1730 раз
© 2013-2021 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия"

Наш партнер - Platon.asia - новости и аналитика в Казахстане

Яндекс.Метрика