Среда, 09 сентября 2020 12:03

Қара нардай қайран Жақаң

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

«Жақсы өлсе дүние кеміп қалады» - демекші, атағы Алашқа ғана емес алты құрлыққа мәлім,  Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың өмірден өтуі күллі қазақ жұртының қабырғасын қақсатты. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта ардың туын аласартпай, кісілік болмыстың кіршіксіз үлгісін көрсеткен адал арысымыз ер Жақаңмен көңіліміз жасып, көзімізге жас толып  қоштастық.

Өмір кеңістігінде өзіне ғана тән, ешкім көшірмесін жасай алмайтын, қайталанбайтын азаматтың қазасынан ауыр нәрсе бар ма?!                                            «Жақсының қасіреті өзінікі, қасиеті халықтікі» деген сөз бар. Сонау Кеңестік кезеңнің қыспағында жүргенде ұлтымыздың алғашқы болып абыройын аспандатып, олимпиададан олжа әперген оғланымыз Жақсылық Үшкемпірұлының өмірі артындағы елге аңыз, өшпейтін өнеге!                                                         

Даңқты екенмін деп дабыра қып, атақты екенмін деп асқақтап бөтен мінез танытпай, тек қарапайым ұстанымда жүретін Жақаңның ақкөңілдігі кім-кімді де тәнті етпей қоймайтын. «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» - деп Абай атамыз айтқандай, қай жерде болмасын күлімдеген жүзінен шуақ шашып жүретін бала мінезді, дарқан жүректі ағамыз елге керек сөзді сөйлеп, құлаққа жағымды құнды әңгіме айтатын.                                                                                   

Қазақ спортының жарық жұлдызы, бекзат болмысты Жақсылық ағамен мен өзімнің аталас туыс екенімді мақтаныш ететінім шындық. Бұл жөніндегі әңгімені арттағы өмірге шегіне үлкендердің айтқанына сүйене отырып тарқатқаным жөн. Ертеректе Тегістік ауылында (Байзақ ауданы) біздің үйдің қасындағы қоржын тамда Үшкемпір атамыздың отбасы тұрған. Қоржын тамның бір жартысына орналасқан тұрмыстық заттар сататын дүкенді Жақаңның шешесі Күнтөре анамыз ұстайды. Менің әкем Сарманқұл ол кезде ауылдан 6-7 шақырым жердегі Қарабөгет жайылымында мал бағады. Бірде әкем көшедегі үйін көріп қайтуға келеді де, қайтарында  қойлы ауылға сабын ала кетпекке дүкенге кіреді. Кірсе дүкенші Күнтөре анамыз там бұрышына жақын орындықта отырған ғой. Әкем: «Келінжан, маған сабын бере қал»- дейді. Негізі Үшкемпір атамыз менің әкемнен жасы кіші ағайын. Сонда орнынан жайлап тұра берген келін «ой»! – деп қинала дыбыстап жібереді. Толғағы кеп отырса керек, сол сәтте шар етіп қызылшақалақ бала жерге домалап түседі. Әкем жүгіре ұмтылып баланы жылдам тонының етегіне орап алып, қуанғанынан: Ау айналайын құдай, мынау жақсылық қой, мынау жақсылық қой деп шаттана бір  сөзді қайталай беріпті.Сәби дүниеге келгенде алдынан шыққан алғашқы сөз осы болған соң үлкендер бір ауыздан есімін Жақсылық деп қояды. Қысқасы, Жақаңның атын менің әкем қойған деуімізге бұл жеткілікті дәлел емес пе? Менің әкем Сарманқұл мен Үшкемпір атамыз ағайындық қатынастан да былай достық райда сыйласа, сырласа жүрсе, анам Күлән мен Жақанның шешесі Күнтөре апамыз тату абысындар ретінде бірінің жоғын бірі тауып беретін әпкелі-сіңлідей жарасыммен қатар бірсыпара жылдарды бірге кешкені елге аян.                            

Мен өмір есігін ашқан 1962 жылы Үшкемпір атамыз отбасымен аудан орталығына  жақын Дихан аулына көшеді, ол кезде Жақсылық ағам 10-11 жаста болса керек.

Содан мен ес жиып, етек-жеңімді жия бастаған, шамамен 7-8 ші сыныпта оқып жүрген шағымда Жақсылық ағамыздың есімі спорт хабарларында естіліп қап, газет беттерінен кілемде күресіп жатқан бейнесі көрініс таба бастады. Шынымды айтсам туғаннан оны көрмегем ғой, десе де алыста жүрген ағам туралы ойланып, палуан бауырыма еліктеп қатар өскен достармен белдесіп, жұлқысуға бейімделе бастадым. Мектеп бітірген соң ұжым шаруасында екі жылдай қара жұмысқа араластым, ары қарай әскери борышымды  атқаруға тағы екі жылым кетті. Міне сол кезең Жақаңның төрткүл әлемді өзіне қаратып олимпиада чемпионы атанған шағы, мен болсам оны бұрынғыдан да көп айтып мақтанатын уақыт. Ал енді ол кісімен кездесу маған арман күйінде тағы да талай жылдар бойында көкейімде жүрді де қойды.  Кездесе қалғанда қандай болар екен, елге мәшһүр кісінің маған көңіл аударуы мүмкін бе? –деген де ойлар мазалайтын мені. Кездескен жағдайда әңгімеміз жарасты болуы үшін, ол туралы жазылған газет-журнал материялдарын, теле хабарларды көңілден таса етпей оқып, көре жүру дағдыма айналды. Бір сөзбен айтқанда ірі тұлға жайында ізденіске көштім. Сонымен 2015 жылы Шығыс Қазақстан облыстық сот төрағасы қызметінде жүргенімде батылым барып, толқи тұра Олимпиада чемпионына ұялы телефоннан қоңырау шалдым. Сәлемімді жылы қабылдаған ағам: Иә, бұл кім болды екен, деп жөн сұрады.                                                                                                                     

-Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Тегістік ауылының Сарманқұл деген кісісін білуші ме едіңіз, мен соның Досжан деген ұлымын дедім. Ар жақтан Жақаң қуанышты үнмен, айналайын, Сарманқұл көкемді мен ұмытсам не болғаным, ол мен дүниеге келгенде сары тонының етегіне орап алған Сарекем ғой! – деп ақтарыла жөнелді. Қайран Сарекемнің заң саласында қызмет істейтін  перзенті бар деп естуші ем, сол сен екенсің ғой. Ой айналайын, жоғалғаным табылғандай болғанын қарашы, - деп ашыла саңқылдады-ай бір.                                                                                                                                           Ақыры көп ұзамай біз кездестік. Бір-бірімізді бауырға басып, қайта-қайта құшақтасамыз, арқадан қағысамыз қалай деседе, сан жылдар сағынысып көріскендердің ісі арамызда орын ап жатты. Әңгімеміз де әрлі, әсерлі өрбіп сыйластық сезіміміз сыртқа бұрқ-сарқ қайнап ағылғанда айтпа. Әңгіме арасында мен: Жақа, ел жақта тұратын Қасқырбай деген ақын ағамның сіз  60 жасқа толғаныңызда: :                                                                                                                                                                

Тізесі көрмей бүгіліп,

Намысқа ерен жүгініп

Көтеріп рухын ұлттың

Жіберген еді-ау бұ жігіт.

Көрсетіп мінез нарға тән,

Сынақты кешіп ең қатаң

Талайды бастан асыра

Лақтырған осы Ер Жақаң!

деп осындай арнау жыр жазған еді – дедім. Жатқа оқып бергеніме палуан ағам балаша мәз болды.

Алғашқы әсерлі кездесуден кейін-ақ бір-бірімізді іздеп, көбірек уақыт көріспей қалсақ сағынып тұратын болдық. Шығыс Қазақстанда ортаншы қызымның ұзату тойына Жақаң қатысып, тойға келгендердің қалауымен қайта-қайта суретке түсіп жүрді. Шіркін, даңқты адамның жанкүйері жеткілікті ғой қайда да!

Жақсы сыйластықтың қалыптасуы жағдайында саңлақ спортшымен бірлескен қызықты сапарлардың өзі бір таңға әңгіме. Маңғыстауда, Шығыс Қазақстанда Ж.Үшкемпіров атындағы халықаралық турнирлердің жоғары деңгейлі өтуіне барымызды салып тырыстық, палуан ағамның  қасында жүріп  бауыры екенімізді білдіре алдық, осыған қуанам. 2017 жылы Шығыс Қазақстаннан қызмет бабына қарай Көкшетауға ауысып жұмысты енді бастаған шағымда  Жақаңның мені жаңа орныммен құттықтай келгені әлі ойымнан кетпейді. Сұлу Көкшенің ардагер абыздары мен зиялы азаматтары Еңбек Ері Ж. Үшкемпіровты ортаға алып еркін сыр-сұхбат құру үстінде оның қарапайым ақжарма мінезіне әбден риза болысты. Күні кеше Жақаңның қазасын естіген осы есті азаматтардың үлкен-кішісі түгелдей аза тұтысып, маған көңіл айтқаны есіл ағамның жоқтаушыларының қатары молая түскенін айғақтайды. Осыдан үш жыл бұрын ел тәуелсіздігі күніне орай Елбасы Н. Назарбаев өз қолымен Жақаңның кеудесіне «Алтын жұлдыз» тағып, Еңбек Ері атағымен марапаттауы барша қазақ елінің қуанышы болғаны анық. Ақорда ішінен марапатталып шыққан Жақаңды далада өзім бірінші боп құттықтағаныма қалай мақтанбайын. Қазақ халқының батыр ұлы Жақсылық Үшкемпіровтың сол сәтте көзінен жас көрдім. Бұл қуаныш жасы екенін сезінген мен де терең тебіреністі бастан кештім. Сонау Кеңестік тар кезеңде ұлттық кемсітушілік кесірінен қанша рет халықаралық үлкен додалардан шеттетіліп, тіпті Мәскеу олимпиадасына қатыстырылуы үлкен күшпен жүзеге әрең асуы алымды азаматты ауруға душар ете жаздағаны да рас. Жан алысып, жан беріскен сол Олимпиада айқасындағы Жақаңның жеңісі қазақ халқы үшін тарихи жеңіс болды. Мінеки, биылғы жылы Мәскеу олимпиадасына  40 жыл толмақ.

Алаш баласы атап өтуге лайықты бұл  мерейлі дата. Өкініштісі, біз сол тойға емес Ер Жақаңның өмірден қайтуына орай қаралы 40 күндігін атап өтуге дайындалудамыз.

Қазақтың қайыспас қайран ері, аяулы ағам  асыл Жақа топырағың торқа, жаның жаннатта болғай. 

 Досжан Әмір

Ақмола облыстық сот төрағасы

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 2351 раз
© 2013-2021 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия"

Наш партнер - Platon.asia - новости и аналитика в Казахстане

Яндекс.Метрика