Пятница, 28 августа 2020 16:15

Конституция – құқықтық мәдениеттің негізі

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

Конституция қоғам мен мемлекет дамуының негізгі мақсаттарын, принциптерін, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын, рухани өмірін ұйымдастырудың басымдылықтарын белгілейтін басты құжат. Ол ғасырлар тоғысында әлемде қалыптасқан конституционализм стандартына, құқықтық ережелерге, жалпыадамзаттық құқықтық құндылықтарға сәйкес әрекет етеді.

Өткен тарихқа назар аударсақ, Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы, одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Бүгінгі таңда қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған.

Егемен еліміздің ұйытқысы болған, бүгінде 25 жылдық тарихы бар – «Ата заң» мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарына, ата-бабаларымыздың бірлік пен тыныштық идеяларына негізделеді. Сондай-ақ халықтың еркіндігі мен қоғамдағы бостандығы, лайықты мәртебесі және әділеттіліктің салтанат құруы Конституция тараулары мен баптарынан бастау алатыны белгілі.

Қазақстан халқының құқықтық мәдениеті Конституцияның демократиялық мазмұны мен оның жетілу дәрежесіне тікелей байланысты. Қазақстанның құқықтық мәдениеті белгілі бір тарихи кезеңдегі қазақстандық қоғамның идеялық-құқықтық жағдайын, құқықтық сана деңгейін, құқықты білуін, заңдарды құрметтеуін сипаттайды.

Құқық қоғамдағы ең негізгі және маңызды қатынастарды реттейтін, қоғамға пайдалы әрі қажетті қатынастардың дамуына жол ашып, қорғап, қоғамда зиянды қатынастарды шектеп, тыйым салатын құрал ретінде адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарының қоғамдық мүддеге, белгіленген тәртіпке, қабылданған заңдарға сай келуін талап етеді. Сондықтан қоғамымыздың дамуы әрбір адамның өз құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыра алатын мүмкіндіктерінің болуы арқылы көрініс табатын болса, ол қалыптасқан құқықтық мәдениетіне байланысты.

Адамның жалпы мәдениеті мен оның құқықтық мәдениетінің арасында тығыз байланыс бар. Құқықтық мәдениет жалпы адамзаттың рухани мәдениет мазмұнына енеді, бірақ өзіндік ерекшеліктерін сақтайды. Ғылыми тұрғыдан, құқықтық мәдениет субъектісіне қарай үшке бөлінеді: субъектілердің құқықтары мен бостандықтарын жетік білу арқылы өз құқықтары мен бостандықтарын қорғай білу мүмкіндігі; адам құқықтарының тапталуына жол бермеу және оның сақталуы үшін күрес жүргізу; құқық бұзушылықтың барлық түрімен күрес жүргізу және оның алдын алу. Сондықтан құқықтық мәдениет жалпы қоғамдағы материалдық және рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде даму қажеттігін барлық адамдардың түсінуі керек. 

Қазақ көшпелі халық болса да, өзінің өркениеттік құқығымен ерекшеленген, ұлттық идеясының ықпалын дәлелдеуге негіз бар. Оған Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты дала заңдары, сонымен бірге «Би – халыққа ақылшы, «Әке – балаға ақылшы» деген халық даналығы нақты мысал бола алады.

Сондықтан халқымыздың дәстүрлі тәрбиесі ғасырлар бойы әдепсіз қылықтарға тыйым салатын және оларды бұлжытпай орындауға қоғам мүшелерін жас кезден бастап міндеттеген. Сол нормалар мен талаптарды орындау барлық жағдайда құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастырған. Мемлекет заңдарын қастерлеуге, заң нормаларын сақтауға және орындауға, өз құқығын заңмен қорғай білуге, өзгелердің құқығын қастерлеуге, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға балулыған.  Құқықтық мәдениеттің қандай бір дәрежеде екендігі қоғамдағы құқықтық сананың деңгейінен көрінетіні белгілі.

Құқықтық мәдениеттің мақсаты қалыптасқан қоғамдық қатынастардағы жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың, халықтың құқықты тану, меңгеру процестері барысында оны құрметтеуінен туындайтын құқықтық санасы болып табылады. Қоғамның әрбір мүшесінің әлеуметтік-құқықтық оң әрі жағымды белсенділігі жеке адамның немесе ұжымның құқықтық мәдениеті компонентінің біріне саналады.  

Сондықтан құқықтық мәдениеттің осындай күрделі құрылымы, бұл ұғымның жеке тұлғалық деңгейде ғана емес, кәсіби-әлеуметтік топтарға, мемлекеттік және қоғамдық органдар мен мекемелерге де қатысты қолданылатынына басты назар аударудың қажеттілігін көрсетеді. Сонымен бірге құқықтық мәдениет ел мәдениетінің басқа салаларымен, атап айтқанда, адамгершілік, эстетикалық нормаларымен табиғи бірліктегі үйлесімділікті айқындайтын саяси мәдениетпен де өзара тығыз байланысты. Қазақстанның саяси мәдениетін құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейінсіз елестету мүмкін емес, ол барлық қазақстандық қоғамның мәдениетін, заңдылық қағидатын қатаң сақтауды талап етеді. Мысалы, мемлекеттік басқару саласындағы Қазақстанның құқықтық мәдениетін бағалау және сипаттау үшін заңдылықты сақтау, мамандардың құқық талаптарын іске асырудағы жауапкершілігі, құзыреттілігі, іскерлігі мен басшылық ету қабілеті, ел азаматтарының заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз етудің кепілдігі аса маңызды мәнге ие.

Демек, республика азаматтарының құқықтық мәдениеті демократиялық қоғамның жетілуінің адамгершілік-әлеуметтік негізін құрайтын идеялар мен көзқарастарды, қоғам мен жеке тұлғаның әлеуметтік-құқықтық өмірінің сапасы мен деңгейін арттыруға қойылатын негізгі талаптарды сипаттайды. 

Сондықтан, өзіндік ой-пікірімді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының «Конституцияны қатаң ұстану - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндетіміз – Конституция талаптарына аса ұқыптылықпен қарау» деген тұжырымдарымен аяқтағым келеді. 

Зеренді аудандық сотының

судьясы Шолпанқұлова Күлпаш

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 2525 раз
Другие материалы в этой категории: « Жасампаз да өміршең құжат! Қара нардай қайран Жақаң »
© 2013-2021 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия"

Наш партнер - Platon.asia - новости и аналитика в Казахстане

Яндекс.Метрика