Среда, 20 мая 2020 21:28

Ата заң - Тәуелсіздік тірегі

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

«Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры».
Н.Ә.Назарбаев


Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Қазақтан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты құжат. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан Республикасының Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен.
Қазір республикамыздың қол жеткен табыстарына бүкіл Орта Азия мемлекеттері қызыға қарауда. Өркениетті елдердің барлығы да Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен басқалардан көш ілгері кеткенін ашық мойындап отыр.
Бүгінге дейінгі табыстарымыздың барлығы осы Конституцияның арқасы. Өйткені, Конституцияны басқа барлық заңдардың Атасы. Қандай мемлекетте болсын әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруі үшін соны қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын көптеген заңдар қабылданады. Бізде де солай. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1993 жылы 28 қаңтарда тұңғыш Конституциясын қабылдады. Бұл – республика тарихында болған аса ерекше оқиға еді. Осы Ата Заң аясында демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру үшін әр салаға қатысты көптеген заңдар қабылданды.
1993 жылғы алғаш қабылданған Конституцияның мәні мен маңызына келер болсақ, Негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт мәселеге жауап беруі тиіс. Бірінші, мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екінші – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшінші – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртінші – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл төрт мақсатты шешіп беретін баптар алғашқы Конституцияда қамтылмады. Уақыт өте келе, заман ағымына, сұранысына қарай, алғашқы Конституциямыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шықты. Сондықтан, екі жыл өткен соң 1995 жылдың 30 тамызында қазіргі Негізгі Заң – Конституция қабылданды. Бұл Конституциямыздың басты авторы – Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Қазіргі Конституцияны талқылау кезінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысқан болатын. Тағы да бір ескеретін жайт, тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріп жүрген мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты.
Мемлекет болған соң міндетті түрде оның болмыс-бітімін, ішкі-сыртқы саясатын айқындайтын, мүдделері мен меншігін қорғайтын негізгі заңы болады.
Қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің алғашқы жиынтығы Қасым хан хандық құрған кезде 1511 жылы 19-баптан тұратын Негізгі заң қабылданды. Оны қазақ «Қасымханның қасқа жолы» деп атаған. Әлі де солай аталады, бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1628/1645жж.) тұсында «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдық жүйе өмірге келді. Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз 17 ғасырдың аяғы немесе 18 ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті. «Есім ханның ескі жолы» Есім хан билігі тұсында қабылданды. Есім ханның қол астына қарайтындар және оның кейінгі ұрпақтары Есім ханның жаңалығына «Есім ханның ескі жолы», немесе «Есім салған ескі жол» , деген ерекше атау берді. Бұл - Есім ханның саяси қызметі мен оның негізгі құқықтық ережелерінің мағыналы атауы. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осы заңдарды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз.
«Жеті жарғыны» жасауға данагөй билер белсене атсалысыпты. Аты аңызға айналған атақты Төле би қайтыс болар алдында үш жүздің игі жақсыларын жинап алып: «аттың құнын, ердің құнын, әйелдің құнын өз ақылымызша шешкен жөн» деп кеңес берген екен. «Малға салсаң баспайтын, ұрсаң шаппайтын жабы бар да, қусаң жететін, қашсаң құтқаратын желден жүйрік тұлпар бар, екі адамның басы қосылса өсек айтатын әйел бар да, бір елге ана, пана болатын әйел бар. Шешім айтқанда осылардың ара-жігін ашып, екшеп барып, құн кесулеріңді өтінем»,- деп аманаттапты артта қалып бара жатқан ел ағаларына.
Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды.
Жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» Қазақстан Республикасының бүгінгі Конституциясымен сабақтасып жатқандай.
Бүгінгі Коституциямыздың басқа Конституциялардан артықшылығы – ең бірінші, мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтындығында. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бірінші бапта жазылған. Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» дейді.
Өткенге көз жіберсек, бұрындары халық ешқашан дәл қазіргідей еркін өмір сүрмеген. Мемлекет бұқараның еркіндігін әр түрлі жолдармен қақпайлап отырған.
Ел заңды, өз құқықтарын білу үшін заман талабына сай шығарылып жатқан заңдарды мұқият әрі зерделей тұрып оқуы керек. Өз құқықтық білімдерін үнемі жетілдіріп, басшылыққа алып отыру қажет. Сонда ғана заңсыздықтардан зардап шекпейді, өзінің құқықтары мен бостандықтарын кез келген орында қорғай алады. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов өте орынды айтқан.
Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші роль атқарады, сондай-ақ оны әрі қарай айқындай түседі. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі-оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол білім! Ол еңбек! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін, елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Сөйтіп, олар өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан әрі дамытуға әзір екендіктерін білдірді. Қазақстан Республикасы Конституциясының идеяларын, қағидаттарын және нормаларын саяси, құқықтық жағынан талдау еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани тұрғыда өсуіне серпіліс пен қуат беретіні анық. Ата Заң адамның құқығы мен бостандығын қорғау мен іске асыру, материалдық әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың міндетті түрде орындалуға тиісті шарты болып табылады.
Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек. Конституцияны бірауыздан қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын іске асырды. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі көрсетілген құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық. Әрине, Қазақстан халқының егемен құқығы тек Конституция қабылдаумен ғана тиянақталмайды. Ол мемлекеттің аса маңызды мәселелерін шешу үшін халықтың бойындағы барлық конституциялық-құқықтық мүмкіндіктерді де жинақтап, қарастырады. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болашағамыздың айқын болуына бастайтын шамшырақ іспетті десек артық айтқандық бола қоймас. Кез келген демократиялық мемлекеттің таңдаған өркенитетті бағыты бойынша дамуына ықпал ететін заңды іргетасы – Конституциясының болуы міндетті және онда айтылғандарды бұлжытпастан орындау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Дүние жүзіндегі елдердің барлығында мемлекеттік басқару тетігі Конституция негізінде және соның аясында жұмыс істейді.
Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылға жуық дамуындағы бүгінгі жетістіктерінің баршасы Ата заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Конституция тәуелсіз дамуға сеп болып қана қойған жоқ, Құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа талай қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болып қала бермек. Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаев: «Конституцияны қатаң ұстану - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ»- десе, бүгінгі Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: « Озық әлемдік тәжірбиені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады. Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді»-деді.
Біздің міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Басты талап - Ата заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ата заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, арқа сүйер асқар тауымыз, ардағымыз, айбарымыз.

Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 3600 раз
© 2013-2021 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия"

Наш партнер - Platon.asia - новости и аналитика в Казахстане

Яндекс.Метрика